
Жаныңда жүр жақсы адам.
Қиын сапар, алыс жолға аттанған азаматына ақ жол тілейтін халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрі бар. Өмірі өнегелі, қызметіне адал, ауылымыздың осы бір қадірлі жанымен халқының әр сапарға шыққандағы ақ батасы мен жақсы тілектері әрдайым бірге. Бүгінгі күнде ауыл ішіндегі үлкен-кіші тұрғындарымен қатар ауданымыздың көлемінде де, әсіресе білім ордаларының қызметкерлері мен оқушылардың арасында да түрлі іссапарларға шығып, кездескен кездерінде көздеріне жылы ұшырап, оттай басылатын, жүзі жылы, жауапкершілігі мол №2 Марқакөл орта мектебінің автобус жүргізушісі Абляйс Тоқтаубайұлының фотосуретін Күршім ауданының құрмет тақтасында ілініп тұрғанын мақтан тұтатынымыз рас. Абляйс ағаның осы қызметте жүргеніне аттай он алты жыл болыпты. Осы уақыт аралығында оқушылар мен мектеп қызметкерлерін қаншама олимпиадалар мен конкурстарға, спорттық жарыстарға апарды. Өткен өмір кезеңдеріне шолу жасап, ойлап қарасақ, осы іссапарлардың барлығы дерлік сәтті, үнемі жақсылықпен, жеңіспен, қуанышпен аяқталып келеді. Жеңіс пен шаттыққа толы осы күндер, соған куә болып келе жатқан ағамыздың адал, ақ ниетімен байланысты болса керек. Мектеп ұжымына беделді, сыйлы Абляйс Тоқтаубайұлының елге риясыз жасаған еңбегі еленіп, аудан, округ әкімдері атынан, мектеп әкімшілігінен бірнеше мәрте құрмет грамотасы, алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ақкөңіл, әрі кеңпейіл, әсіресе уақытпен санаспай, жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарауымен жастарға үлгі боларлықтай осы ағамызға мектеп ұжымы атынан шексіз ризашылығымызды білдіреміз!
№2 Марқакөл орта мектебінің
АӘД пәні мұғалімі
Н.А. Райымбеков




